Аннотация:
Мақала тақырыбының өзектілігі еңбек мигранттарының еркін жүріп-тұруы мен кедергісіз жұмысқа орналасуын құқықтық реттеу, оларды ЕАЭО шеңберінде əлеуметтік қамтамасыз ету қажеттігінен туындайды. Одақ аясында еңбек мигранттарының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге байланысты қосымша шараларды қолға алу жөніндегі мəселелерді қарау қажеттігі бар. Мақаланың жаңалығы проблемалық жағдайларды шешудің құқықтық тетіктерін əзірлеу жəне еңбек қатынастарын жəне олармен тікелей байланысты қатынастарды реттеудің бірыңғай тəртібін енгізуге бағытталған қатысушы елдер үшін біріздендірілген талаптарды əзірлеу мақсатында ЕАЭО қатысушы елдері еңбекшілерінің еңбек құқықтарын қорғау мəселелері теориялық жəне практикалық деңгейде алғаш рет зерттелуінде. Мақаланың мақсаты іс жүзінде қолданылатын тиімді тетіктерді қалыптастыру үшін мигранттардың еңбек құқықтарын қорғаудың құқықтық аспектілерін зерттеу болып табылады. Мақала жазу барысында келесі əдістер қолданылды: салыстырмалы-құқықтық, тарихи-құқықтық, догматикалық, талдау жəне синтездеу. Негізгі қорытындылар. ЕАЭО аясында еңбекші мигранттардың келуі мен кетуін тіркеу мəселелерімен, сондай-ақ олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жөніндегі бақылаумен айналысатын орган құру қажеттігі туындайды. Мақала авторының пікірінше, ЕАЭО туралы шартқа «Еңбекшілердің еңбек құқықтарын қорғау жəне əлеуметтік қамсыздандыру» тарауын енгізу жəне ЕАЭО шеңберінде Адамның негізгі құқықтары жөніндегі хартияны əзірлеу қажет.