Аннотация:
Зерттеу тақырыбының өзектілігі борышкердің мәмілелерін оңалту және банкроттық рәсімдерінде жарамсыз деп тану механизмдерін және оның құқықтық салдарын жетілдіру қажеттілігімен
айқындалады. Мәмілені жарамсыз деп танудың құқықтық салдарын дұрыс қолдану мүліктік массаны
толықтыруға, нәтижесінде оңалту және банкроттық процедурасын экономикалық тұрғыдан тиімді
етуге мүмкіндік береді. Зерттеудің пәнін борышкердің оңалту және банкроттық рәсімдеріндегі
мәмілелерін жарамсыз деп танудың арнайы негіздері, тәртібі мен құқықтық салдарын реттейтін
құқықтық нормалар жиынтығы, сондай-ақ бұл мәселеге қатысты доктриналық көзқарастар мен
Қазақстан Республикасының сот тәжірибесі және шет мемлекеттердің банкроттық заңнамасының
құқықтық нормалары құрайды. Зерттеу мақсаты – борышкердің мәмілесін арнайы негіздер
бойынша жарамсыз деп танудың құқықтық салдарларын зерттеу, шет елдердің заңнамасын салыстырмалы талдау, тиімді тұстарын анықтау. Зерттеу заңнаманы қолданудағы проблемалық аспектілерді
анықтауға және құқықтық тәжірибені жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеуге бағытталған.
Зерттеудің әдістемелік негізін формальды-логикалық, салыстырмалы-құқықтық, доктриналды,
формальды-құқықтық тәрізді жалпы және жеке әдістер құрайды. Зерттеудің ғылыми жаңалығы
– оңалту және банкроттық рәсімдеріндегі борышкердің мәмілелерін жарамсыз деп тану саласындағы құқықтық салдарларды кешенді түрде салыстырмалы-құқықтық тұрғыдан зерделеу арқылы,
Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіруге бағытталған тұжырымдар жасалуында көрініс
табады. Зерттеу нәтижесінде банкроттық реституцияның классикалық реституциядан құқықтық
табиғатының ерекшелігі қарастырылды. Сондай-ақ доктринадағы банкроттық рәсімінде борыш-
кердің мәмілесі жарамсыз деп танудың құқықтық салдары ретінде тараптарды бастапқы қалпына
келтірудің орнына, басқа тиімді тетіктерін қолдану бойынша мәселелер зерттелді.